Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі

Көктемнің шуағын, жаңару мен берекенің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін орталығымызда тәрбиеленушілермен бірге ерекше қуанышпен атап өттік. Бұл күн – бірлік пен татулықтың, ізгілік пен мейірімнің мерекесі!

Мерекелік шара ұлттық нақышқа толы көріністермен өрнектелді. Балалар Наурыз туралы әсем әндерін шырқап, «Қара жорға» мен «Қамшы» билерін билеп, мерекенің көркін қыздырды. Тәрбиеленушілер жүрекжарды жырларын арнап, көктемнің жаршысы болған бұл мейрамның мән-маңызы туралы ой толғады. Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің шығу тарихына арналған танымдық видеоролик көрсетіліп, қызықты викториналық ойындар ойнатылды.

Шара соңында тәрбиеленушілердің белсенділігі мен өнерлері жоғары бағаланып, олар мадақталып, алғыс хаттар табыс етілді. Орталық қызметкерлеріне де жылы лебіздер айтылып, мерекелік құттықтаулар жолданды.

Мерекенің сәнін кіргізіп, балаларға қуаныш сыйлауға демеушілер де өз үлестерін қосты. “KAZAN CATERING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Басшысы Байышова Г.К.), “ЭМИЛЬ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Директоры Аберле А.Э.), “Шығыс Қазақстан облысындағы жетім балалардың құқықтарын қорғау” қоғамдық қоры (Басшысы Талхигова А.Г.), сондай-ақ орталықтың Қамқоршылық кеңесі (төрайымы Кожаберденова А.К.) мерекеге демеушілік көрсетіп, балаларға тәттілер мен сыйлықтар тарту етті.

Дәстүрге сай мереке думаны кең дастарханмен жалғасты. Барша қатысушыларға дәмі тіл үйірер наурыз көже мен тәтті тағамдар таратылып, ақ ниетпен бата жасалды.

Наурыз – тек мереке ғана емес, халқымыздың бірлігін нығайтып, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын ерекше күн. Бүгінгі шара да сол мақсатты жүзеге асырып, баршаға шаттық пен қуаныш сыйлады!